Тастар — несеп шығару жүйесінде пайда болатын әртүрлі пішіндегі және өлшемдегі қатты кристалдар. Бүйректе тастардың бар болуынан, яғни бүйрек тас ауруынан 200 мыңнан астам қазақстандықтар зардап шегеді. Көбінесе тастар бүйректе шоғырланады, содан кейін олар несепағар арқылы қуыққа түсе бастайды.

Бүйрек тастарының пайда болу себептері

Медицинада несеп шығару жүйесінде тастардың пайда болуының барлық мүмкін себептері ұзақ және мұқият зерттелген, бірақ бүйректегі тастардың пайда болуының нақты себебі туралы әлі де 100% сенімділік жоқ.

Бүйректерде құм деп аталатын ұсақ бөлшектердің пайда болуына жанама түрде әкелетін белгілі бір факторлар бар. Бөлшектер бірте-бірте көлемін ұлғайтып, кейіннен тасты құрайды.

Мысалы, қауіп факторларына тұқым қуалайтын бейімділік және кейбір созылмалы аурулар, сондай-ақ жұмыс істейтін 1 ғана бүйректің болуы жатады. Сонымен қатар, кальций мен D дәрумені бар дәрі-дәрмектер де тастардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Ауру көбінесе белгілі бір анатомиялық ерекшеліктерге байланысты туындайды.

Классификация

Бүйрек тастары түрлеріне қарай өзгеше келеді. Дәрігерлер несеппен шыққан тасты сақтауды талап еткенде, кейбір адамдар бұған таң қалады. Бұл шынымен де маңызды. Әрі қарай емдеу және алдын алу бойынша кеңестер тастың құрамына тікелей байланысты. Оны жоғалту дәрігерді де, өзіңді де ең құнды ақпараттан айыру деген сөз.

Бүйрек тастары бірнеше түрге бөлінеді. Олардың ішінде ең көп таралғандары:

  • Оксалаттар. Олар басқаларға қарағанда жиі кездеседі. Тастар кальций тұздарының негізінде түзіледі. Құрылымы бойынша қатты және ерімейді, сол себепті олармен күресу қиын.
  • Фосфаттар. Олардың пайда болу себебі - фосфор қышқылының тұздары. Бұл тастардың құрамында кальций де бар, бұл оларды емдеуді қиындатады.
  • Ураттар. Олардың түзілуіне несеп қышқылының тұздары қатысады. Өзгешелігі, бұл тастарды дәрі-дәрмектің көмегімен ерітуге болады, сондықтан операциясыз емделіп кетуге жақсы мүмкіндік бар.

Тастар көлемдерінің әртүрлілігіменде ерекшеленеді. Диаметрі 5 мм-ге дейінгі тастар еш қиындықсыз өздігінен шығады, тек қана тастың шыққандығына көз жеткізу керек. Оны дәрігер сізге ұсынған арнайы сүзгімен ұстап алу керек. Бүйректегі тастың қалай көрінетінін білу қажет емес, ең бастысы - дәрігердің ұсыныстарын орындау. Орташа тастар (9 мм-ге дейін) өздігінен шығуы мүмкін, бірақ кейбір жағдайларда тастың шығуына көмек қажет. Үлкендері (9 мм-ден астам) өздігінен шықпайды, оларды алып тастауға тура келеді.

Бүйрек тастарының белгілері

Тас қозғалмай тұрғанда, оның көлеміне қарамастан оны анықтау қиынға соғады, ал кішкентай және тым үлкен емес тастар қозғалған кезде де ешқандай қолайсыздық тудырмайды.

Нағыз қорқыныш(сұмдық) орта немесе үлкен тас қозғала бастағанда басталады. Кейде адам тастың «қозғалғанын» бірден байқамайды. Егер өлшемі мүмкіндік берсе, ол қуыққа жетуі мүмкін немесе диаметрі едәуір кіші несепағарда да болуы мүмкін, сол жерде ғана ол өзі туралы белгі береді.

Бүйрек тастары 1

Несеп жолдары арқылы өтетін тас бүйректік түйілу деп аталатын қауіпті және қатты ауырсынумен сипатталатын симптомға себеп болуы мүмкін. Бүйректік түйілу кезіндегі ауырсыну синдромы - ең ауыр синдромның бірі. Ол жедел жәрдем шақырып, стационарға жатқызуды талап етеді.

Бүйректе тастардың пайда болуына байланысты болатын бүйректік түйілудің белгілері ерлерде де, әйелдерде де бірдей. Ауырсыну соншалық, адам өзіне орын таппай, сөзбе-сөз «қабырғаға шығуға» ұмтылады. Мұндай белгілерді көрген адамға бүйректен тастың қалай шығатынын түсіндіруді керек етпейді.

Ауырсыну сипаты әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан бел аумағындағы кез келген жағымсыз сезімдерге назар аудару қажет. Бүйректік түйілу буынға, аяққа және дененің басқа да бөліктеріне таралуы мүмкін. Кейде жүрек айну, тіпті құсу да байқалады.

Бүйректегі түйілу жоғарғы несеп шығару жолдарының өтімсіздігін білдіреді. Тас несепағардың кез келген бөлігін бітеп тастаса, несеп ішке жиналып, несепағардың өзін және бүйректі керіп, оның жұмысын бұзады.

Егер жедел бүйректік түйілу кезінде уақытылы көмек көрсетілмесе, қайтымсыз өзгерістердің болу қаупі жоғары, ал сирек жағдайларда бүйректі жоғалтып алу мүмкін. Сондықтан, ауырсынудың түйілуден туындағанына толық сенімді болмасаңыз да, жедел жәрдем шақыруды кешіктірмеу керек.

Бүйректік түйілу бұлыңғыр сипатқа ие болуы мүмкін. Бұл тастардың мөлшері несепағардың толықтай емес, ішінара бітелуіне мүмкіндік бергенде пайда болады. Ауырусыну тым күшті емес, кейде мүлде болмайды. Мұндай жағдайларда дереу дәрігерге жүгіну үшін бүйрек тастарының жанама белгілерін білу керек, мысалы:

  • ауырсыну және несепті мезгіл-мезгіл шығару;
  • несептің бұлыңғырлығы және жағымсыз иісі, несептегі қан;
  • шап пен аяққа таралатын белдің ауырсынуы;
  • белдің ауырсынумен бірге жүрек айнуы, құсу

Ағзаңызға мұқият назар аудару ауыр зардаптардан аулақ болуға көмектеседі.

Диагностика

Симптомдар мен ауырсынудың орналасуындағы айырмашылықтарға қарамастан, дәрігерлер бүйрек тастарын дәл диагностикалау үшін жеткілікті тәжірибе жинақтады. Сұрастырудан кейінгі негізгі әдістер:

  • Несеп анализі - кальций тұздарының, лейкоциттердің және қызыл қан жасушаларының болуын дереу көрсетеді;
  • УДЗ-диагностика - бұл тіпті кішкентай тастарды анықтай алатын және олардың пішінін, өлшемін, санын және орналасуын нақтылай алатын өте дәл құрал;
  • Рентген - пішіні мен орналасуы бойынша тастың түрін нақтылау үшін жүргізіледі;
  • Несеп шығару жолына арнайы құралды енгізуді қажет ететін эндоскопиялық зерттеулер - сирек қолданылады, бірақ өте тиімді, өйткені тасты зерттеумен бір мезгілде ұсақтауға болады.

Қорытынды диагноз барлық зерттеу нәтижелерін талдағаннан кейін қойылады. Егер несеппен өткен тасты «ұстау» мүмкін болса, оның нәтижесі зерттеу нәтижесінен алынған деректерге қосылады.

Емдеу

Ерлер мен әйелдердегі бүйрек тастары консервативті немесе хирургиялық жолмен емделеді. Бұл бүйректің күйіне және науқастың өзіне, аурудың ағымына, тастардың саны мен мөлшеріне байланысты.

Егер ауыр бүйректік түйілу болса, емдеудің негізгі мақсаты несепағарды тастан босатып қалпына келтіру және артық зәрді шығару болып табылады. Жеңіл жағдайларда спазмолитиктерді пайдаланып күресуге болады. Жедел жағдайды жойғаннан кейін диеталық ұсыныстарды, ауыз су режимін және аурудың белгілерін жоятын дәрілерді қамтитын кешенді терапия тағайындалады.

Бүйрек тастары 2

Жағдай қиын болған кезде тасты жою үшін хирургиялық әдістерге жүгінуге тура келеді. Барлық хирургиялық процедуралар бүйректі кесуді қажет етпейді. Дәрігерлер тастарды ең жұмсақ әдістермен алып тастауға тырысады. Атап айтқанда, эндоскопиялық операциялар арнайы лазердің көмегімен тасты мүшелер мен түтіктерге зақым келтірмей, бөліктерге бөлініп шығуға мүмкіндік береді.

Алдын алу

Бүйректен тасты шығару - емдеудің бірінші бөлігі ғана. Бір рет пайда болғаннан кейін тастар қайтадан пайда болуы мүмкін. Сондықтан тастарды емдеудегі басты мәселе олардың пайда болуының алдын алу болып табылады.

Рацион мен ауыз су режимінің рөлі аса маңызды. Тастар құм сатысында бүйректен шайылуы үшін сұйықтық көп ішу керек. Бірақ сонымен бірге ішілген сұйықтықтың сол көлемде несепен шығуын қадағалаған дұрыс.

Рационда міндетті түрде көкөністер мен жемістер көп болуы қажет, ал қызыл ет пен басқа да жануарлардың майларын шектеген дұрыс. Кальцийге келсек, дәрігерлердің айтуы бойынша, кальцийге бай тағамдарды міндетті түрде тұтыну керек, ал қоспа және дәріханалық дәрумендер түріндегі кальцийді қабылдаудың аса қажеті жоқ.

Қолданылған әдебиет тізімі

  • Жариков А.Ю., Зверев Я., Брюханов В.М., Лампатов В.В. Оксалатты нефролитиаз кезінде кристал түзілу механизмі // Нефрология. - 2009. - No 4. - 37–50 б.
  • Урология. Ресейлік клиникалық ұсыныстар / ред. Ю.Г.Аляева, П.В.Глыбочко, Д.Ю. — М.: «Медфорум», 2017 ж.
  • Касимова Н.К., Ишанчаева Н.К., Рузи-ахунова Н.М. Бүйрек тастарын емдеудің заманауи әдістері // Re-Health Journal. — 2021. — No 3 (11). - 29-37 б.

Көбірек мақалалар

Loading...
Loading...
Loading...