Циститтің белгілері

Циститтің белгілері 1

Неліктен қарапайым адам аурудың белгілерін білуі керек? Жауабы өте оңай: не болып жатқанын мүмкіндігінше тезірек түсіну және көмек үшін кімге жүгіну керектігін білу. Бұл мақалада біз циститтің айқын және белгісіз белгілері туралы айтамыз және олар пайда болған жағдайда қажет болатын пайдалы кеңестермен бөлісеміз.

Циститтің классикалық белгілері¹

Тіпті бұл аурумен ешқашан кездеспеген адамдардың өзі несепті жиі шығару кезінде циститке күдіктенуге болатынын бір жерден естіген немесе оқыған. Бұл аурудың ең танымал белгісі. Сондай-ақ цистит кезінде:

  • іштің төменгі бөлігінде, қасаға үстіндегі ауырсыну
  • несептің түсінің өзгеруі және бұлыңғырлығы
  • несептің жағымсыз иісі

Осы белгілердің кез келгені пайда болса, дереу дәрігермен кеңесіп, емдеуді бастау керек.

Әйелдердегі циститтің сирек белгілері¹

Қуықтың қабынуының белгілері соншалықты айқын болмауы мүмкін, олар бірқатар басқа ауруларға ұқсайды:

  • Бел аймағындағы ауырсыну. Мұндай ауырсынуды пиелонефрит, несептас ауруы және басқа бүйрек аурулары кезінде пайда болатын бүйректік ауырсыну, сондай-ақ әйелдердегі гинекологиялық аурулар кезіндегі ауырсыну деп санап қалуға болады.
  • Дене қызуы 37,5°-қа дейін шамалы көтерілуі мүмкін. Қызудың жоғарылауы ағзадағы қабыну интоксикациясының көрінісі болып табылады, ол жалпы әлсіздік және сылбырлықпен бірге жүруі мүмкін. Бұл көріністерден суық тию, ЖРВИ деп ойлап қалуға болады.
  • Әйелдерде цистит белгілері, әсіресе іштің төменгі бөлігінде ауырсыну болған кезде, гинекологиялық аурулардың көріністерімен шатастыруы мүмкін.

Цистит "бетпердемен" жасырылған кезде, адамдар өздерімен не болып жатқанын түсінбей, ұзақ уақыт бойы дәрігерге жүгінбеуі мүмкін. Бұл емдеуге қиын көнетін созылмалы қайталанатын процестің даму қаупін арттырады және жылдар бойы адамдарды мазалап, өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді.

Жедел және созылмалы цистит белгілерінің айырмашылықтары

Шын мәнінде, өршу кезеңіндегі созылмалы цистит белгілерінің жедел процестің көріністерінен еш айырмашылығы жоқ. Ал өршу арасында ауру өзін көрсетпеуі мүмкін. Алайда, бұл аурудың жойылғанын білдірмейді. Жоқ! Цистит жай ғана өзін толықтай көрсету мүмкіндігін күтуде.

Адамда 6 ай ішінде 2 немесе одан да көп немесе 1 жылда 3 немесе одан да көп асқынулар байқалса, цистит қайталанатын деп аталады. Бұл жағдайда емдеу әдетте симптомдардан құтылу үшін ғана емес, сонымен қатар аурудың қайта оралуын болдырмау үшін ұзағырақ болады.

Циститті қалай емдеуге болады?

Циститті емдеу аурудың себебін, оның белгілерін жоюға және қайталанудың дамуын болдырмауға бағытталған кешенді болуы керек.

Егер циститтің белгілері пайда болған жағдайда, оны үйде өзіңіз емдеуге тырыспаңыз! Сіздің жағдайыңызда қандай препарат, қандай формада және дозада қолайлы екенін тек дәрігер біле алады2.

Өз денсаулығыңызды күтіңіз!

Қолданылған әдебиет тізімі

  • Урология бойынша ресейлік клиникалық нұсқаулар. Аляев Ю.Г., Глыбочко П.В., Пушкарь Д.Ю. редакциясымен, 2017 г
  • «Антимикробтық терапия және бүйрек, несеп шығару жолдары және еркек жыныс мүшелерінің инфекцияларының алдын алу» Федералды клиникалық нұсқаулар, Москва, 2020 г.

Көбірек мақалалар

Loading...
Loading...
Loading...